О курсе
«Телеком инженерлері» — қазақстандық телекоммуникация индустриясындағы инженер жұмысы туралы шағын курс. Курстың бірінші бөлімінде телеком құрылымы және осы саладағы мамандықтар туралы жалпы ақпарат аласыз. Екінші бөлімде сіздерді спикерлер пікіріне сүйеніп дайындалған — телекоммуникацияда мансапқа жетуге қажетті икемді машықтар бойынша сабақтар күтеді.
Курс спикерлері: Нұрзипа Кәрібозтегі (Kcell), Асқар Есеркегенов (Казақтелеком) және Арман Жапаров (izi).
Нұрзипа Кәрібозтегі — сандық биллинг жүйелерін дамыту департаменті директоры. Aхмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі. «Есептеу техникасы мен автоматтандырылған жүйені бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша білім алып, инженер-жүйе технигі біліктігін меңгерген. 2005 жылдың тамыз айында Kcell колл-орталығының операторы болып жұмысқа орналасқан. Кейін тест пен сұхбаттан сәтті өтіп, Техникалық департаменттің желілік сапа инженері қызметіне ауысты. 2015 жылы желі және сервистерді басқару орталығы бастығы, ал 2016 жылы Техникалық департаменттің IT-бөлімі басшысы болып тағайындалды.
Асқар Есеркегенов — «Қазақтелеком» АҚ басқарушы директоры, Телекоммуникация желілерін басқару бойынша бас орталықтың бас директоры. Телекоммуникация саласында 20 жылдан астам жұмыс істейді және осы саланың техникалық сарапшысы.
Арман Жапаров — izi мобильді операторының негізін қалаушылардың бірі. 2014 жылы Beeline командасында қызмет етіп, компанияның телеком, кейінірек digital өнімдерін әзірлеп, іске қосты. Содан соң Еуразиялық банкке арнап онлайн кредит беру арнасын әзірлеген команданы басқарды. 2018 жылдың соңынан бері Арман izi жаңа цифрлық мобильді операторын жетілдіру бойынша жұмыс істеп келеді. 2019 жылғы маусымда іске қосылған izi мобильді операторы бүгінгі таңда операторлар нарығындағы барлық қызмет пен сервисті онлайн ұсынатын жалғыз компания.